top of page
  • Facebook - Grey Circle
  • Twitter - Grey Circle
  • Google+ - Grey Circle
  • LinkedIn - Grey Circle

А1 қарапайым, А2 базалық деңгей тыңдаушыларына арналған жағдаяттық тапсырмалар

 

1- жағдаят

 

Сіз Қаржы министрлігіне жұмысқа орналасуға келдіңіз. Мекеме басшысы сізбен жеке танысқысы келеді. Жаңа басшыға өзіңіз туралы айтып беріңіз.

 

Қажетті сөздер: аты-жөні, туған жылы, айы, күні, ұлты,  тұрмыста (үйленген), мамандығы, жұмыс орны,  марапаттары, жеке қасиеттері.

2- жағдаят

 

Сіз еңбек демалысына шықтыңыз. Алматы қаласына бару үшін пойызға билет алдыңыз. Сізбен бірге купеге Жанар деген келіншек отырды. Жанар өз отбасы туралы ұзақ әңгімеледі. Сіз де Жанарға өз отбасыңыз туралы айтып беріңіз.

 

Қажетті сөздер: аты-жөні, туған жері, отбасы мүшелері, жасы, оқу орны, жұмыс орны.

 

3- жағдаят

 

Сіздің мекемеңізге «Дидар» газетінің тілшісі келді. Тілші мемлекеттік қызметкерлердің жұмысы жайлы мақала жазу үшін  интервью алып жатыр. Тілшіге  бір күндік жұмыс күніңіз туралы айтып беріңізші.

Қажетті сөздер: жұмыс орны, жұмыс күні, түскі үзіліс, жоспар, қызметтік хаттар, қабылдау күні, заңнамалар.

 

4- жағдаят

 

Сіздің досыңыз Асқар ғаламторда адамдардың хоббилері туралы блог ашты. Оған көптеген адамдар  бос уақыттары, хоббилері туралы жазып жатыр. Асқар сізден өз  бос уақытыңыз туралы жазуын өтінді.  

Қажетті сөздер: кітап оқу, спортпен шұғылдану, жүгіру, демалу, театрға бару, балық аулау, достармен кездесу.

5- жағдаят

 

Бүгін облыстық әкімдікте конференция өтті. Конференцияға басқа облыстардан әріптестеріңіз келіп қатысты. Сіз конференцияда ескі досыңызды кездестірдіңіз. Досыңызды түскі асқа асханаға шақырдыңыз. Досыңызға және өзіңізге тапсырыс беріңіз. Досыңыз қандай тағамдарды жақсы көреді?

 

Қажетті репликалар: даяшы, тапсырыс,  ыстық тағам, сусын, салқын тағам, не ішесің?, ас болсын!

 

6- жағдаят

 

Жаңа жыл мерекесін бүкіл халық болып тойлаймыз. Бұл мерекеде сіз жылда  әке-шешеңізді құттықтауға барасыз. Анаңыз үлкен дастархан жаяды. Дастарханға түрлі тағам түрлерін қояды. Анаңыздың дастарханын сипаттап беріңіз.

 

Қажетті сөздер: берекелі дастархан, дәмді, ұлттық тағамдар, сусындар, ерекше, мол, берекелі, пайдалы, сіңімді,  ұнайды.

 

7- жағдаят

 

Сіз Астана қаласына көшкелі жатырсыз. Тез арада пәтеріңізді сату керек. Жергілікті газеттерге пәтерді сату туралы хабарландыру бердіңіз. Міне, үйге сатып алушылар да келді. Үйді қымбат бағаға және  жиһазымен бірге сату керек. Іске сәт!

 

Қажетті сөздер: арзан, төрт бөлмелі, кең, жарық, үшінші қабатта, жанында, маңында, сауда орындары, балалар алаңы, көршілер, жаңа.

 

8- жағдаят

 

Сіздің досыңыз қаланың шетінен жер үй сатып алды. Демалыс күні досыңыздың үйіне құттықтауға бардыңыз. Досыңыздың үйі сізге өте  ұнады.   Досыңыздың үйін сипаттап беріңізші.

 

Қажетті сөздер: аула, кең, үлкен, жарық, гүлдер,  бау-бақша, монша, алтыбақан, құм, құдық т.б.

 

9- жағдаят

 

Сіз Астана қаласына іссапармен келдіңіз. Сізге «Бәйтерек» қонақүйіне  орналасу керек. Төмендегі қажетті сөздерді пайдаланып сұхбат құрыңыз.

 

Қажетті сөздер: құжат, кілт, қонақүйге орналасу, бөлме, төлем, таңғы ас, теледидар, ғаламтор қызметі, төсек-орын,  қызмет түрлері, жаттығу залы.

 

10- жағдаят

 

Төмендегі жағдаяттық есепті шешіңіз:

Маринаға анасы 2000 теңге берді. Ол дүкеннен азық-түлік сатып алады. Қанттың бағасы 250 теңге, күріштің бағасы 290 теңге, бір қорап шай 250 теңге, кеспе 210 теңге, нан 85 теңге.  Марина 2 келі қант, 1 қорап шай, 1 келі күріш, 2 келі кеспе және 1 нан алды. Марина анасына 355 теңге қалдық ақша әкелді. Қалай ойлайсыз, сатушы қалдық ақшаны дұрыс қайтарды ма?

 

11-жағдаят

 

Ресейден туысқан жиеніңіз келді. Ол қаланың сауда орындарын аралағысы келеді. Оған ұялы телефон, қаракүзен тон, қысқы етік қажет. Қаладағы ең жақсы сауда орындарымен таныстырып,  сұхбат құрыңыз.

 

Қажетті сөздер мен репликалар: маған  ...  керек, қажет,  әрине, арзан, бағасы, жеңілдіктер, жарасады, аламын, ұнайды.

12-жағдаят

 

Сіз Астанаға іссапармен бардыңыз. Сіз «Астана» қонақүйіне  орналастыңыз. Ертең конференция. Конференцияда баяндама оқисыз. Сіз конференцияда әдемі болғыңыз келеді. Жақын жерден шаштаразға барып шашыңызды қидырдыңыз. Енді қайта қонақүйге бару керек. Алайда, сіз жолды ұмытып қалдыңыз. Бұл Астанаға бірінші рет келуіңіз. Қонақүйге қайта оралу керек. Не істейсіз?

 

Қажетті сөздер: қонақүй, адасып қалдым, айтып жіберіңізші, оң жақта,сол жақта, жақын маңда, жанында т.б.

 

13-жағдаят

 

Сіздің досыңыз еңбек демалысынан келді. Келе сала демалыс орнында түскен фотосуреттерін Фейсбук парақшасына салды. Досыңыздың әрбір түскен фотосуретін сипаттап мадақтаңыз.

 

Қажетті репликалар: өте әдемі, сымбатты, ажарлы, мақтауға тұрарлық, жарасады,  керемет.

 

14-жағдаят

 

Бүгін досыңыздың туған күні. Досыңыз туған күніне сағат 18.00-ге шақырған еді. Ал, уақыт 18.30 болды. Сіз асығып тұрсыз. Сіз досыңыздың сүйікті гүлін алуға гүл сататын киоскіге келдіңіз. Алайда, кезекте көп кісі тұр екен. Досыңызды ренжіткіңіз келмесе,  кезекке тұрмай, тезірек  гүл алу керек. Бұл жағдайдан қалай шығуға болады? Тек сыпайы, әдепті болуды ұмытпаңыз.

 

Қажетті репликалар: кешіріңіз, айып етпеңіз, рұқсат болса, досымның туған күні, кешігіп барамын т.б.

15-жағдаят

 

Жыл сайын тойланатын 8-наурыз әйелдер мерекесі де таяп келеді. Анаңызға ерекше құттықтау сөздерін дайындаңыз.

 

Қажетті репликалар: аяулы, асыл, құттықтаймын, денсаулық, бақыт, табыс, қуаныш, шаттық, ұзақ өмір, жақсылық, тілеймін  т.б.

 

16-жағдаят

 

Сіз еңбек демалысында болдыңыз. Еңбек демалысында  отбасыңызбен демалыс орнына барып келдіңіз. Демалыс орнынан алған әсеріңіз қандай? Уақыттарыңызды қалай өткіздіңіздер? Табиғаты туралы сипаттап беріңіз.

 

Қажетті сөздер: тамаша, футбол, воллейбол, суға түсу, күнге қыздырыну, тауға шығу, қайықпен серуендеу, фотосуретке түсу, қарағай, шырша, жануарлар, таза ауа.

 

17-жағдаят

 

Сіз еңбек демалысына шықтыңыз. Досыңызбен екі күнге  қала сыртына баруды жоспарлаңыз. Қандай дайындық қажет?

Біріншіден, ....

 

Қажетті сөздер: көлік, киім-кешек, тамақ, спорттық заттар, ыдыс-аяқ, қажетті заттар.

 

18- жағдаят

Әр адамның сүйікті актері болады. Сіздің де сүйікті актеріңіз бар. Сүйікті актеріңізді сипаттап беріңіз, ал әріптестеріңіз кім екенін тауып көрсін. Кумиріңізді мына белгілер бойынша сипаттаңыз:

 

Жасы:

Ұлты:

Жынысы:

Бет-әлпеті:

Шашы:

Дене бітімі:

Ерекше белгілері:

Сүйікті фразасы:

Түскен фильмдері:

 

 

19 – жағдаят

 

Сіз бір үлкен мекеме басшысысыз. Сізге жұмысқа тұру жөнінде ұсыныс жасап келген үміткерлерді жұмысқа қабылдауыңыз керек. Сіз үміткерлердің қандай сапалық белгілеріне ерекше көңіл бөлер едіңіз?

 

Қажетті сөздер: еңбекқор, білімді, білікті, сыпайы, жан-жақты, жауапты.

 

20 – жағдаят

 

Сіздің қалаңызда «Үлгілі отбасы» байқауы жарияланды. Бас жүлдеге жаңа «Лада» автокөлігі тігілді. Байқауға жан-жақты, өнерлі, салауатты өмір салтын  ұстанатын отбасылар қатысады. Отбасы мүшелеріңіздің салауатты өмір салтын ұстануы, өнері, ерекшеліктері туралы баяндаңыз.

 

Қажетті сөздер: күн тәртібін сақтау, спортпен шұғылдану, жеміс-жидек, жүгіру, дұрыс тамақтану, ән айту, би билеу, өлең шығару.

 

21- жағдаят

Сіздің әріптесіңіз Астана қаласында демалып келді. Әсем қала туралы не білгіңіз келеді? Әріптесіңізбен Астана қаласының көрнекті жерлері, ауа-райы, жергілікті жердің асханасы, халқы туралы сұхбат құрыңыз.

 

Қажетті сөздер: «Бәйтерек» монументі, «Хан шатыр» ойын-сауық сауда орталығы, Бейбітшілік және келісім сарайы, әдемі, тамаша, биік, зәулім үйлер, дәмді тағам, қонақжай.

 

22-жағдаят

 

Сіздің балаңыз ән байқауынан жүлделі орын алды. Енді, бағын сынап шетелге байқауға қатысады. Шетелге ұшақпен бару үшін не істеу керек? Қысқаша әңгімелеңіз.

 

Қажетті сөздер: касса, ұшу уақыты, билет, күту залы, тіркелу, қол жүгі, кедендік бақылау, тіркелу.

 

23-жағдаят

 

Сіз Ұлыбританиядан келген тілшісіз. Сіз Өскемен қаласына келдіңіз. Шығыстың демалыс орындарын, Катон-Қарағай, Марқакөл елді мекендерін араладыңыз. Сізді шығыстың табиғаты таң қалдырды. Шығыстың табиғаты туралы мақала жазуды ұйғардыңыз. Ол үшін жергілікті тұрғындардан интервью алу керек. Ең алдымен сауалнама сұрақтарын дайындаңыз:

- ...

-...

-...

 

Қажетті сөздер: табиғат, өзен, ерекше, таза ауа, бұлақ, жан-жануар, орман, қарағай, шырша, ақ қайың, жеміс-жидек, таулар, демалыс орындары.

 

 

24-жағдаят

Сіздің 5 жасар ұлыңыз бар. Ұлыңыз есейген сайын қоршаған ортасы, табиғатта болып жатқан құбылыстар жайлы сұрақтар қойып, көп нәрсе білгісі келеді. Ұлыңыз қоршаған ортаны, табиғат құбылыстарын, табиғатта болып жатқан өзгерістер туралы білгісі келеді. Ұлыңызға табиғат құбылыстары туралы әңгімелеп беріңіз.

 

25-жағдаят

 

Бүгін сіздің туған күніңіз. Туған күніңізге қонаққа достарыңыз келді. Достарыңызға ерекше тағамдар дайындадыңыз. Ыстық тамаққа сірне, тұшпара, әртүрлі салаттар дайындадыңыз. Сусыннан қымыз, алма шырынын қойдыңыз. Тағамдар өте дәмді болды. Достарыңызға әсіресе, сірне ұнады. Сізден сірненің дайындау тәсілін сұрады. Достарыңызға сірнені қалай жасау керектігін айтып беріңізші.

 

Қажетті сөздер: қазан, малдың іш майы, көкөністер, картоп, сәбіз, пияз, қой еті, қырыққабат, қуыру, бықтыру.

В1орта, В2 ортадан жоғары деңгей тыңдаушыларына арналған жағдаяттық тапсырмалар

 

Қарым-қатынас әдебі

 

1-жағдаят

 

Бидайдың сабағы не үшін төмен салбырап тұратынын білесіз бе? Себебі, оның басында дән бар! Адамдар да білімі артқан сайын кішіпейіл болады. Басында ешнәрсе жоқ адам ғана өзін өзгелерден жоғары санап, жер бетінде дандайсып жүреді!

Сіздің пікіріңіз қандай?

 

2-жағдаят

 

Сіз жеке психологсіз. Сізге отбасылық мәселемен Айгүл мен Алмас келді. Олардың он  бес жасар ұлдары бар. Есімі -  Алмат. Оларды Алматтың мәселесі толғандырады. Алмат барлық бос уақытында ғаламтор желілерінде отырады. Сабақ қарамайды, әке-шешесін тыңдамайды. Психолог ретінде проблеманы шешу жолын ұсыныңыз.

 

3- жағдаят

 

Жаздың ортасы. Күн ыстық. Сіз су алу үшін сауда орталығына кірдіңіз. Сауда орталығының іші қапырық. Бір мезетте кезекте тұрған әйел адамның түсі бозарып,  есінен танып қалды. Халық у-шу болды да қалды. Мұндай жағдайда не істер едіңіз? Бұндай жағдайда әйелге ең алдымен қандай көмек қажет?

 

4 – жағдаят

 

Сабина қиын жағдайға душар болды. Өзін ақтап қорғап шығу үшін жақсы адвокатты тауып көмектесуді сұрайды. Адвокаттың жұмысы көп екен. Ол Сабинаны кездесуге шақырып, кешікпеуін өтінді. Сабина таксимен бармақшы болып, кезекке тұрады. Кезегі келгенде бір әйел бұза жара таксиге отырмақшы болады. Сабина оның костюмінен тартып, итеріп, таксиге өзі отырып алады. Он бес минут бұрын келеді. Белгіленген уақытта оны адвокатқа шақырады. Бөлмеге кіргенде Сабина тоқтап қалады. Сұмдық! Адвокат бағана өзі таксиден итеріп тастаған әйел екен. Не істеу керек?

 

5-жағдаят

 

Сіздің досыңыз бүгін көңілсіз. Себебі, қызымен ұрсысып қалды. Досы қызының кейінгі кездері, ойға қонымсыз әдеттер шығаратынын айтты. Оның көзінше әріптесімен құшақтасып, тіпті бетінен сүйгенін байқап қалды. Ал, өзіне көңіл бөлуді қойды. Егер, сіз досыңыздың орнында болсаңыз не істер едіңіз?

 

6-жағдаят

 

Бүгін жексенбі. Сіз киім алуға базарға баруды ұйғардыңыз. Базарға барған соң ерлер киімі бөлімдерін аралай бастадыңыз. Кенет бір ер адамға көзіңіз түсті. Киім қарап тұрған әйелдің сөмкесіне қолын салып жатқанын байқадыңыз. Осындай сәтте не істер едіңіз?

 

7 – жағдаят

 

 Сізге ірі компанияға жұмысқа орналасудың сәті түсіп тұр. Сіздің жоғары біліміңіз бар, 3 тілді жетік меңгергенсіз, іс-тәжірибеңіз мол. Бұл компанияға орналассаңыз, ақшаның астында қаласыз. Компанияға жұмысқа орналасқыңыз келсе, ерекше түйіндеме жазыңыз.

 

 

Отбасындағы қарым-қатынас

 

1-жағдаят

 

Бала қатаң отбасында тәрбиеленді. Оған ата-анасы ешқашан ойыншық сатып алып бермеді, еркелетпеді, ойын-сауық орталықтарына, киноға да апармады. Ата-анасының айтқанымен жүріп, тек бұйрықты жүзеге асырушы, орындаушы болып өсті. Бала ата-анасының барлық айтқандарын екі етпей, бұлжытпай орындаса да, бірақ олардан бір ауыз жылы сөз естімеді. Бұл жағдай туралы  пікіріңіз қандай?

 

2-жағдаят

 

Баласының бөлмесін жинап жүрген анасы қажетсіз деген заттарының бірқатарын қоқысқа лақтырып тастады. Баласы бөбекжайдан келген соң, бұл жағдайды көріп анасына қатты ренжіді. Анасының ойынша, баласының мұндай реніш білдіруге қақысы жоқ. Себебі, осы үйді реттейтін, қалыпқа келтіретін жалғыз адам өзі болғандықтан, қалай жинайды, солай болуы керек.

Анасының іс-әрекеті дұрыс деп ойлайсыз ба?
 

3- жағдаят

 

Бір үйдің екі баласы көбейту кестесін жаттап жарысты. Інісінің шапшаңдығынан  әпкесі кешігіп қалып қоя берді. Әпкесі баяу әрі көп ойланатын. Інісі апасының қатесін түзеп, күлді. Ал, әпкесі үнсіз бөлмеден шығып кетті.

 Балалардың ата-анасы ретінде мұндай жағдай орын алса, не істер едіңіз?

 

4 – жағдаят

 

Мектептің 9-сыныбында оқитын оқушылар болашақ мамандықтары туралы әңгіме қозғады. Озат оқушылар жоғары оқу орнына баруды жоспарлап жатты. Тіпті ұлттық университеттерде оқып жүргені туралы армандады. Ал, биыл оқуын колледжде жалғап тезірек еңбекке араласып отбасына көмектескісі келетін балалар да өз ойларын айтып жатты. Олардың арасында тұрмысқа шығып, өз жағдайын жақсартуды мақсат еткен қыз бала үндемей қалды. Оның да арманы таудай, бірақ отбасында ақшаға байланысты күнде туатын айқайдан шаршап кеткені сонша, оқуды емес, ауқатты отбасынан шыққан,  өзінен жасы үлкен балалармен достаса бастаған еді. Қалай ойлайсыздар? Қыз бала неліктен осындай әрекетке барады?

 

5-жағдаят

 

Төмендегі сұрақ-клише бойынша өз пікіріңізді білдіріңіз.

А) Асыл перзентіңізді таңертең қалай оятасыз?
В) Балаңызды тыңдай білесіз бе?
С) Ата-ана мен баланың махаббаты дегеніміз не?

Д)Балаңызбен қарым-қатынасыңыз қалай?
 

6-жағдаят


Көкек жұмыртқа баспайды. Бұта арасынан құстардың ұясын тауып алса, жұмыртқасын соған туады. Басқа құс бұны байқамай қалады, өйткені көкек оның бір жұмыртқасын алып тастайды да, өз жұмыртқасын соның орнына салып қояды. Жұмыртқалардың түсі де бірдей болады. Ұяда сарғыш жұмыртқа жатса, көкек сарғыш жұмыртқа, көк жұмыртқа жатса, көк жұмыртқа туады. Жұмыртқаны басып шығарған құс өз балапандарын ұядан лақтырып тастап, көкектің балапанын азықтандырып, жетілдіреді.

        Өздеріңіз байқап отырғандай көкек өз балапандарын басқа құстың ұясына туады екен. Мұндай келеңсіз жағдайлар табиғатта ғана емес, адамдар арасында да көптеп кездеседі. «Көкек-аналар» жаңа туған бауыр еті, баласын көрінген жерге тастап жүре береді. Қалай ойлайсыздар, неліктен қоғамда осындай жағдайлар орын алуда?

 «Көкек-аналардың» іс-әрекетіне қандай баға бересіз?

 

7 – жағдаят

 

Оқу жылы басталды. 6-шы сыныпта оқитын Рауан әкесімен қыркүйектің басында, егер жақсы оқитын болса, велосипед алып беретіндігі туралы келісті. Әкесі ойланбастан уәдесін берді. Арман жақсы оқуға тырысты, бірақ ол жақсы жетістікке әр түрлі әдістермен жетті. Математикадан көршісі Мөлдірден, ағылшын тілінен Қуаттан, басқа сабақты тағы басқалардан көшіріп алып жүрді. Әкесі Арманның күнделігін бақылап жүрді, бағалары дұрыс. Арманның  әкесі уәдесінде тұрып, жазғы демалыс кезінде баласына велосипед алып берді.

    Сіз осындай екі жақты келісім шартқа қалай қарайсыз?

 

 

Денсаулық – зор байлық

 

1-жағдаят

Сіз педиатрсыз. Сізге қабылдауға Айман мен Манат келді. Олардың екі баласы бар. Үлкені 1-сыныпта оқиды. Екіншісі балабақшаға барады. Балалары жиі ауырады. Үлкені Асланның тамағы ауыра береді, ал кішісі Мадина жөтеле береді. Олар қабылдауға келіп, сізден көмек сұрап келіп отыр. Дәрігер ретінде қандай кеңес  берер едіңіз?

 

2-жағдаят

 

Күлкі иммунитетті жақсартады, адам ағзасын қорғайды. Мұндай қызықты ақпаратты Калифорния университетінің ғалымдары дәлелдеген.

       Күлген кезде ағзада өзгерістер байқалады. Стресс гармондарының деңгейі төмендеп, түрлі вирустарға төтеп беретін Т-лимфоциттерінің көлемі ұлғаяды. Сондай–ақ, ғалымдар күлкі адам ағзасындағы рак жасушаларының пайда болуына жол бермейтіндігін анықтаған.

Әрдайым күліп, көңілді жүретін жандардың  жүрек ауруларына ұшырау ықтималдылығы қабағы қатыңқы  жандарға қарағанда 40%-ға төмен екен. Күлкі адам ағзасындағы қан  айналым жүйесін жақсартады. Адам баласы күлген кезде ағзадағы бұлшықеті қимылдайды да, жүрек соғысы ұлғаяды.

Сұлу болам десеңіз, әрдайым күліп жүріңіз! Кейбір жандар бетіме әжім ерте түсіп  кетеді деп көп күлмеуге тырысады. Мұның барлығы  бекершілік!

Адам күлген кезде оның бет-жүзіндегі қан айналым жүйесі жақсарып, тері қабаттары жұмсарады. Егер де адам баласы үнемі мұңайып жүретін болса, оның бет терісі өз әсемдігін жоғалтады.

Ғалымдардың айтуы бойынша, 40 минут демалыс уақыты 5 минут күлгенмен бірдей.  Шаршап – шалдығып, көңіліңіз құлазып жатса, күлуді  ұмытпаңыз.

Бұл ақпаратпен қаншалықты келісесіз? Жалпы, адамның  көңіл-күйі ағзаға қаншалықты әсер етеді?

 

 

3- жағдаят

 

Ғалымдардың айтуынша: «Аурудың асқынуына адам бойындағы негізгі үш жаман әдет ықпал жасайды: ашкөздік, ызақорлық, надандық».

Ғалымдардың пікірімен қаншалықты келісесіз? Төмендегі үлгі бойынша өз көзқарасыңызды білдіріңіз.

Үлгі:

1.Пікір. Менің ойымша ...

2.Дәлел. Себебі ...

3.Мысал. Мысал...

4.Қорытынды. Сол себепті, сондықтан... 

 

4 - жағдаят

 

Қазіргі қоғам жастары салауатты өмір салтын жүргізбейді. Өз сымбаттарына, денсаулықтарына көңіл бөлмейді. Жастардың көбі ғаламтор желілерінде, компьютерде отырады. Бұл олардың дене бітімінің дамуына әсер етеді.

Тіл үйренушілер екі топқа бөлінеді. Бірінші топ берілген пікірмен келіседі, екінші топ келіспейді. Әр топ өз пікірлерін нақты дәлелдеу қажет.

1-топ: Иә, келісемін. Себебі, ...

2-топ: Жоқ, келіспеймін. Себебі, ...

 

5-жағдаят

 

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру қолға алынып жатыр. Бағдарламаның мақсаты: Еліміздің орнықты әлеуметтік-демографиялық дамуын қамтамасыз ету үшін Қазақстан азаматтарының денсаулығын жақсарту.  

Тіл үйренушілерді топқа бөліп, аталған  мемлекеттік бағдарламаға сәйкес он ұсыныс жазуға тапсырма беріледі. Әр топтың ұсыныстары оқылып, талқыланады.

 

6-жағдаят

 

Тіл үйренушілер төмендегі пікір бойынша өз ойларын айтып, фактілермен дәлелдейді.

«Алкогольмен кедейлер көңіл көтереді, есірткі  -  әлсіздердің ермегі, ал спорт - мықтылар үшін!».

 

7 – жағдаят

 

№45-ші мектептің мұғалімі Оразбаева Айжан «Салауатты өмір салты - денсаулық кепілі» атты тәрбие сағатын жүргізбекші. Тәрбие сағатының мақсаты: оқушыларды денсаулықтарын күтуге, тазалық сақтауға үйрету, күн тәртібін сақтау, жаттығу жасаудың маңызын түсіндіру. Сізді дәрігер ретінде оқушыларға кеңес беруге шақырды.  Оқушыларға қандай кеңес берер едіңіз?

 

 

Экология, табиғат

 

1-жағдаят

 

Сіздің тұрып жатқан қалаңыздың шетіне цемент өндіретін ірі зауыт салынғалы жатыр. Егер зауыт салынса, бұл аймақтың тұрғындарының денсаулығына зиян келері сөзсіз.

Жағдаят бойынша өз  көзқарастарыңызды білдіріп, мысал келтіріңіздер.

1.Пікір. Менің ойымша ...

2.Дәлел. Себебі ...

3.Мысал. Мысал...

4.Қорытынды. сол себепті, сондықтан... 

 

2-жағдаят

 

Егер сіз  болашақта экология  министрі болсаңыз, жұмысыңызды неден бастар   едіңіз? Қазіргі ахуалы сын көтермейтін экологиямызды қалай түзетер едіңіз?

 

3-жағдаят

 

Сіздің қалаңызға атақты кинорежиссер Тимур Бекмамбетов келді. Ол кісі Өскемен қаласының экологиясы туралы деректі фильм түсіргісі келеді. Режиссерге қаладағы  экологиялық проблемалар туралы айтып беріңіз.

 

4-жағдаят

 

Қазақ халқының ауа-райына байланысты мынадай наным-сенімдері бар:

- қарлығаш биікке қалықтап ұшып жүрсе, күн ашық болады, ал егер, жер бауырлап ұшса, жаңбыр жауады;

- егер, құмырсқалар тынымсызданып, илеуіне кіріп-шығып безілдеп кетсе, жуық арада жаңбыр жауады;

- егер, жел басталып, иттер шапқылап, аттар мөңкіп, сиырлар мөңіреп, мазасызданып кетсе қатты дауыл болады.

Басқа ұлттардың ауа-райына байланысты қандай наным-сенімдерін білесіз? Жалпы,  наным-сенімдер қаншалықты орындалады?

 

5-жағдаят

 

ХХ-ғасырдың ортасынан бастап ғылым мен техниканың жедел дамуына байланысты, яғни ауыл шаруашылығында химикаттау, көліктердің көбеюі, өндіріс орындары мен фабрикалардың экологиялық нормаларды сақтамай жұмыс істеулерінің салдарынан қоршаған ортаның адамзатқа, табиғатқа, қоршаған ортаға кесірін тигізуде. Бұл мәселе жөнінде не айтар едіңіз? Бұл сұрақтың шешімі бар ма?

 

6-жағдаят

 

Германия – әлемдегі экологиясы таза мемлекеттердің бірі. Алайда, ертеректе бұл елдің де халқы тазалыққа аса мән бермей, үйлерінен шыққан күл-қоқысты көрінген жерге тастап, елде антисанитария орнатып, салдарынан халық түрлі ауруларға шалдығатын болған. Жағдайды 15 ғасырда Вюртемберг графтың жарғысы өзгертті. Ол жарғы бойынша, егер сіз көршіңіздің бір апта бойы ауласын тазартпағанын байқасаңыз, дереу бұл жайлы сол кездегі тазалық сақтау ұйымына хабарлауыңыз тиіс. Ал егер көршіңіздің салақтығына салғырт қарап, ешқандай шара қолданбасаңыз, көршіңізбен қоса сіз де жазаланасыз. Бұл жазадан қорыққан халық жарғыны қалтқысыз орындап, көшеде болсын, үйде болсын, тазалықты сақтап жүру бертін келе немістердің әдетіне айналып кеткен.

        Сіздің ойыңызша, Қазақстанды санитарлық таза мемлекеттер қатарына  жатқызуға бола ма? Санитарлық тазалық, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле ме? Жалпы, Қазақстандағы қалалардың көркеюіне, экологиялық таза аумақта өмір сүру үшін қандай шаралар жүргізу керек?

 

7 – жағдаят

 

Жапон елін – экологиясы ең таза мемлекеттердің біріне жатқызуға болады. Бұл мемлекетте болған адамдарды көшелердің ерекше тазалығы таң қалдырады, тіпті қоқыс тастайтын жер де жоқ деседі. Әрбір тұрғын үйде пластикке арналған, қағазға арналған, шыны, темір-терсекке арналған жеке контейнерлер орнатылған. Әрбір тұрғын қоқысты сұрыптап,  тиісті контейнерлерге жинап отыратын көрінеді. Егер, қоқысты дұрыс сұрыптамаса, қоқыс жинау жұмыскерлері ескерту жасап, қоқысты алмай кететін көрінеді.  Қоқысты қоқыс өңдейтін зауытқа апарады. Пластиктерді қайта өңдеп қайтадан пластик жасайды, тіпті пластиктен футболистерге арналған киім жасайды екен. Атақты Реал Мадрид, Манчестер Юнайтед футбол командаларының формалары осы жапон пластигінен жасалған екен. Ал, қажетсіз қоқысты өртеп, күлін арнаулы жерлерге апарып төгіп, ол жерге ағаштар отырғызылады.

Міне, жапондықтар қалдықтарды осылай пайдаға асырып жатқан көрінеді.

Қалай ойлайсыз, біздің елімізде, қоқысты пайдаға асыру үшін қандай шараларды жүргізу керек деп ойлайсыз?

 

 

Достық, адалдық  туралы

 

1-жағдаят

 

Сіз ірі компанияның директорысыз. Сіздің қол астыңызға жан досыңыз жұмысқа орналасты. Басында бәрі жақсы еді. Алайда, досыңыз өз білгенін істей бастады. Жұмысқа үнемі кешігіп келеді, берілген тапсырманы уақытында орындамайды, тіпті жұмысқа келмей қалуды шығарды. Бұл компанияның имиджіне нұқсан келтіре бастады. Сіз досыңызға қандай да бір шара қолданар ма едіңіз?

 

2-жағдаят

 

Достық туралы аңыз

Бір күні бір қария дүниеден өтіп бара жатып: «Құдіреті күшті жаратқан ием, тағы біраз ғұмыр берші»,- деп құдайға жалынып, жалбарыныпты. Сонда құдай періштелер арқылы аян беріп, әлгі қариядан:

- Пендем, қанша жас сұрайсың?

- Ағаштың жапырақтарына тең ғұмыр бере көр, - депті қария.

- Жоқ, адамға өлшеп, пішіп берілген ғұмыр оған жетпейді.

- Онда, үлкен ағашта қанша бұтақ бар, сонша өмір бер, -

депті қария.

- Жоқ, ол да жарамайды, тым көп.

- Онда, қанша өмір бере аласың, - депті қария.

- Өмірде қанша досың бар, соншама өмір берейін, - деген екен.

Осы сөзді естігенде, төсек тартып жатқан қария көзіне жас алып, қатты күрсініпті де, о дүниеге жүріп кетіпті. Сөйтсе, бұл қария бар өмірін дос жинаумен емес, дүние-мүлік жинаумен өткізген екен.

Бұл аңыздан қандай ой түйдіңіз. Өмірде достық қарым-қатынастың қаншалықты маңызы бар?

 

3- жағдаят

Халқымыз қасиетті құс деп ардақтайтын аққу көгілдір шағында жұптасады екен де, қалған ғұмырын аса тату бірлікте өткізетін көрінеді. Олардың бір-біріне деген махаббаты соншалық – жұптың бірі қапияда қаза тапса, екіншісі қайғыға шыдамай, әуеден құлдилап келіп, жерге соғылып өлетініне немесе нәр татпай, жан тәсілім ететініне табиғат әуесқойлары талай рет көз жеткізген. Құс екеш құс та махаббатына адал екендігін аңғаруға болады. Ал, адамдар арасында осындай аққудың махаббатындай адал, шын махаббат бар дегенге сенесіз бе?

 

4-жағдаят

 

        Сіздің сыныптас досыңыз бар еді. Бір күні досыңыз қомақты қаржы керектігін айтып, сізден несие алып беруін сұрады. Сіз сөзге келмей досыңызға қажетті соманы алып бердіңіз және әр айдың аяғында несиені төлеп отыру керектігін айттыңыз. Арада үш ай уақыт өтті. Бір күні сізге банк қызметкері хабарласты. Ол осы уақыт аралығында банкке ешқандай қаржы түспегенін айтып, ескерту жасады. Сіз төбеңізден жай түскендей болдыңыз. Бұндайды досыңыздан күтпеген едіңіз. Іле-шала досыңызға телефон шалдыңыз, алайда досыңыздың телефоны өшірулі еді.

Сіздің келесі әрекетіңіз қандай?

 

5-жағдаят

 

Қуаныш пен Сұңғат бала кездерінен бірге өскен, мектепте бір сыныпта оқып, қалаға келіп, бір жылда оқуға түсіп, тіпті бір жылда отбасын құрып, бала сүйеді. Мерекелерде бас қосып, туған күндерді бірге атап отырады. Алайда, кейінгі кездері Сұңғат досынан алыстап кетті. Кейде, тіпті телефонға да жауап бермейтінді шығарды. Бір-екі рет автомат ойындары орталығынан шығып келе жатқандығын да байқап қалған. Жұбайы да оның автомат

ойындарына құмартып кеткені туралы шағымданды. Бұның арты жақсылыққа әкелмейтіні анық. Қуаныш қол қусырып отыра бермеу керектігін түсінді. Қуаныштың орнында болсаңыз қандай әрекет жасар едіңіз?

 

6-жағдаят

 

Сізге мектеп бітіргеніңізге биыл 20 жыл болды. Сыныптастарыңызбен кездесуге бардыңыз. Кездесуде оқушы кездеріңізде бастан өткен қызықты жайттарды еске түсіріп отырсыздар. Сіз де балалық шағыңыздың қызықты сәттерін достарыңызға баяндап беріңіз.

 

7 – жағдаят

 

Ертең сіздің ең жақын досыңыздың мерейтойы. Сізді отбасыңызбен мейрамханаға шақырып отыр. Досыңызға ерекше, есте қаларлықтай құттықтау сөзін дайындаңыз.

 

Қажетті репликалар: аса құрметті, аяулы, қадірлі, зор денсаулық, баянды бақыт, ұзақ өмір, қуаныш, шаттық, мол дастархан, береке-бірлік.

bottom of page